Кроуфордқа қарсы жекпе-жек: Геннадий Головкинге не кедергі болуы мүмкін?

sports.kz
Әлемнің бұрынғы чемпионы Роман Кармазин Геннадий Головкиннің рингке қайта оралу туралы мәлімдемесіне пікір білдіріп, оның Теренс Кроуфордқа қарсы жекпе-жегінің немен аяқталатынына болжам жасады, деп хабарлайды Bassport.kz Betonmobile сайтына сілтеме жасап.
— Біріншіден Гена рингке ұзақ үзіліс жасады. Иә, Гена әдемі жекпе-жек көрсетеді, бірақ Кроуфорд оны ұпай санымен оңай жеңіп кетеді, — деді Кармазин.
Айта кетейік, Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Геннадий Головкин жарысты бастан-аяқ қадағалап, спортшыларды қолдап жүрді. Ұлттық құраманың жеңісінен кейін ол рингке қайта оралуға ниетті екенін мәлімдеп, жас боксшылардың табысы өзіне ерекше жігер сыйлағанын атап өткен болатын.
Қазіргі таңда Геннадий Головкиннің жасы 43-те. Ол соңғы кәсіби кездесуін 2022 жылдың қыркүйегінде өткізіп, Сауль «Канело» Альвареспен үшінші жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен жеңілген болатын.
Ал Кроуфордтың жасы 37-де. Ол екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы мәртебесіне «Канело» Альваресті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңу арқылы қол жеткізді. Дегенмен Кроуфорд аса белсенді боксшы емес, ол 2020 жылдан бері небәрі 6 кездесу өткізген.