Махмұд Сабырхан – екі дүркін әлем чемпионы атанды

Махмұд Сабырхан – екі дүркін әлем чемпионы атанды
Бокс

Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан World Boxing ұйымының әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізді. 

55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан финалда испаниялық Рафаэль Лозано Серраномен қолғап түйістірді. Қарсыласын үш раунд бойы толықтай басымдықпен қыспаққа алған отандасымыз ешқандай мүмкіндік берген жоқ. 

Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Сабырханға берді – 5:0. Осылайша, Махмұд Сабырхан екі дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл жетістік Қазақстан құрамасы үшін биылғы біріншіліктегі екінші алтын медаль болып отыр. Бұған дейін Санжар Тәшкенбай (50 келі) алтын жүлдеге қол жеткізген еді.

Айта кетейік, финалға дейін Сабырхан өзінің барлық қарсыластарын сенімді жеңді. Жартылай финалда ол кубалық мықтыны қапы қалдырса, финалда тәжірибелі испаниялық боксшыға еш мүмкіндік бермеді.