Келесі маусымда ҚПЛ-да 16 команда ойнайды

Футбол
Қазақстан Премьер-лигасында (ҚПЛ) 2026 жылғы маусымнан бастап 16 команда бақ сынайды, деп хабарлайды Bassport.kz AmanVIBE телеграм-арнасына сілтеме жасап
Бұл шешім бүгін Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінде қабылданды. Жаңа жүйеге сәйкес, келесі маусымда Премьер-лигадан тек бір ғана команда төмен түседі, ал Бірінші лигадағы үш клуб жоғары лигаға жолдама алады. Қазіргі таңда ҚПЛ-2025 турнир кестесінде соңғы орында «Атырау» тұр (12 ұпай). Одан үш ұпайға жоғарыда – «Тұран», ал бес ұпай алда Жезқазғанның «Ұлытауы» орналасқан.
Бірінші лигада көш бастап тұрған – 50 ұпайы бар Ақтаудың «Каспийі». Одан екі ұпайға ғана қалып қойған – павлодарлық «Ертіс». Ал 41 ұпайдан Өскеменнің «Алтайы» мен Қарағандының «Шахтері» еншілеп отыр.