Алматыда 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион салынады

Спорт Шредингера
Алматыда 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион салу жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Жобаға қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы танысып, келесі жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау қажеттігін атап өтті. Дегенмен, әзірге құны, мердігер компания және нақты басталу мерзімі жарияланған жоқ.
Жобаның негізгі параметрлері:
• Орналасатын жері: Құлжын тас жолы мен Талғар тас жолының арасы, аумағы – шамамен 15 гектар.
• Сыйымдылығы: 35 000 орын.
• Санаты: УЕФА-ның төртінші категориясы – ең жоғарғысы. Мұндай деңгей «Астана Аренада» да бар. Жаңа стадион Еурокубок финалдарына дейінгі халықаралық ойындарды қабылдай алады.
• Қосымша жоспар: қазіргі Орталық стадион сақталып, кейін қайта жаңартудан өтеді.
Айта кетейік, Алматының Орталық стадионы 1958 жылы салынған. Соңғы рет 2011 жылы қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Стадион қала меншігінде, оны Алматының спорттық нысандар дирекциясы басқарады. Мұнда футбол матчтарынан бөлек түрлі мәдени шаралар да ұйымдастырылады. Биыл жазда, мысалы, әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес концерт қойған еді.
2018 жылы «Қайрат» клубы да жаңа Орталық стадион жобасын таныстырған болатын. Оны Киев, Краснодар, Бразилиа, Варшава және Мадридтегі («Сантьяго Бернабеу») ареналарға атсалысқан неміс компаниясы жасаған. Жоба тарихи қасбетті сақтай отырып, стадионды толығымен футбол аренасына айналдыруды және сыйымдылығын 30 мыңға дейін арттыруды қарастырған. Бірақ ол жоспар іске аспады.