Бекзад Нұрдәулетов басқа елдің азаматтығынан бас тартты

Бокс
olympic.kz
Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов өзіне Венгрия атынан шығу жөнінде ұсыныс түскенін айтты. Бұл туралы ол «Aqyrys Seitqazy» YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz.
— Олар маған Спартакиададан кейін, лицензиялық турнир алдында хабарласты. Венгрияға шақырып, бірнеше адам байланысқа шықты. Белгілі бір сомада қаражат ұсынып, Олимпиада чемпионы болсам, жақсы жағдай жасаймыз деді. Бірақ мен Олимпиаданы елестеткенде тек көк туымызды көремін. Басқа елдің туы астындағы медальдің маңызы жоқ. Сол себепті бірден бас тарттым, — деді боксшы.
Нұрдәулетовтің айтуынша, ұсынылған қаражат Қазақстандағыдан жоғары болғанымен, ол үшін отандық ту астында өнер көрсету басты мотивация болып қала бермек.
Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов — 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2024 жылы Таиландта Азия чемпионы атанды. Ал 2025 жылы Астанада өткен World Boxing Кубогында 85 келіге дейінгі салмақта алтын жүлдеге қол жеткізді.