Конор Макгрегор төрт жылдан кейін алғашқы жекпе-жегін өткізеді

Жекпе-жек
BBC
BKFC промоушенының басшысы Дэвид Фельдман ирландиялық бұрынғы қос салмақ чемпионы, UFC жұлдызы Конор Макгрегордың жалаңқол жекпе-жегіндегі дебютіне дайындалып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Фельдманның айтуынша, Макгрегордың қарсыласы UFC-дің бұрынғы екі файтері Джереми Стивенс пен Майк Перридің арасындағы жекпе-жек жеңімпазы болмақ.
— «Бүгін бізбен бірге менің серігім әрі досым Конор болуы керек еді. Бірақ ол келе алмады, өйткені жаттығу процесіне барынша көңіл бөліп жүр. Бұл — мен көрген ең мықты Конор. Ол жан-тәнімен дайындалып жатыр. Маған айтқаны бойынша, Стивенс пен Перридің арасындағы айқаста жеңіске жеткен спортшы оның келесі қарсыласы болады», — деді Фельдман Нью-Джерсидегі баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетейік, Макгрегордың соңғы жекпе-жегі 2021 жылдың 10 шілдесінде UFC 264 турнирінде өткен еді. Ол кезде ирландиялық файтер Дастин Порьеге техникалық нокаутпен (аяқ жарақатына байланысты) жол берген болатын.