«Қайраттың» сенсациясынан кейін Қазақстан УЕФА рейтингінде көтерілді

«Қайраттың» сенсациясынан кейін Қазақстан УЕФА рейтингінде көтерілді
Футбол

Meta-ratings.kz

Алматылық «Қайраттың» Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңіндегі нәтижелері Қазақстанды УЕФА коэффициенттер кестесінде бір сатыға жоғары көтерді, деп хабарлайды Bassport.kz ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

20 тамыздағы жаңартылған рейтинг бойынша Қазақстан қоржынына 0,125 ұпай қосылып, жалпы көрсеткішін 11,875-ке жеткізді. Осы нәтижеден кейін ел құрамасы 38-орынға көтеріліп, Косоводан озып кетті. Бұған дейін «Астана», «Ақтөбе» және «Ордабасы» еурокубоктарда жеңіліс тапқан соң, Қазақстан 39-орынға сырғыған болатын. Ал одан бұрын 37-орында тұрған еді.

Айта кетейік, плей-офф кезеңінің алғашқы матчында «Қайрат» Глазгода Чемпиондар лигасының басты фавориттерінің бірі саналатын «Селтикпен» 0:0 есебімен тең түсті. Алматылық клубтың еурокубоктағы тағдыры 26 тамызда өтетін қарымта ойында анықталады.