«Барыс» хоккейшілерінің ең төменгі жалақысы белгілі болды

Хоккей
Караван
«Барыс» шабуылшысы Аңсар Шайхмедденов Youtube-тегі Алибек Жалғаспаев арнасына берген сұхбатында клубтағы жалақы жүйесі жайлы айтып берді, деп жазады Bassport.kz.
Оның сөзінше, ойыншының еңбекақысы көбіне оның алаңдағы нәтижесіне байланысты. Дегенмен, жасы үлкен спортшыларға қарағанда жас хоккейшілерге жоғары жалақы бірден берілмейді.
“Негізгі өлшем — сенің ойының мен нәтижең. Бірақ жас болсаң да, жақсы ойнасаң да, саған бірден үлкен келісімшарт қоймайды. Өйткені кейбір ойыншылар көп ақша ала бастағанда босаңсып жатады. «Барыста» ең төменгі жалақы — айына 300 мың рубль (қазіргі курс бойынша шамамен 2 миллион теңге). Біз жалақыны жылына тек 10 ай аламыз, ал маусым мен шілде демалыс саналады, бірақ ол үшін ақы төленбейді. Егер саған 21 жастан асса — ең төменгі шек 300 мың рубль. Ал 21 жасқа дейін әртүрлі болады. Өзім 19 жасымда 300-350 мың рубль аралығында алдым. Ресейдің кейбір клубтарында көбірек болуы мүмкін, бірақ регламент бойынша 21 жастан асқан ойыншыларға кем дегенде — 300 мың рубль”, — деді Шайхмедденов.
Осылайша, «Барыста» жас хоккейшілердің жалақысы белгілі бір деңгейде шектеліп, ойын өрнегі мен тәжірибесіне қарай өсетіні анықталды.