Жәнібек Әлімханұлы армандаған қарсыласына кімді таңдайды?

Penalty.kz
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) әлеуметтік желіде жанкүйерлерге Жәнібек Әлімханұлы үшін «армандағы жекпе-жекті» таңдауды ұсынды, деп хабарлайды Bassport.kz.
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақ чемпионы, қазақстандық Жәнібек, әрине, таңдауын екінші орта салмақта абсолютті чемпион саналатын Сауль «Канело» Альвареске түсірді.
Ал боксшының менеджері Эгис Климас біріктіру жекпе-жегін қалады. Қазіргі таңда орта салмақта тағы екі чемпион бар: WBA белдігін кубалық Эрисланди Лара иеленсе, WBC титулы доминикандық Карлос Адамеске тиесілі.
Жәнібек осы аптада АҚШ-қа келіп, қараша айының басында рингке оралуға дайындалып жатыр. Ол WBO мен IBF белдіктерін WBC чемпионы Карлос Адамеспен біріктіруден үміт үзген жоқ. Дегенмен, жекпе-жек міндетті қорғаныс болуы мүмкін — себебі Адамес Сауд Арабиясымен келіссөздерді бұзған еді.
Айта кетейік, 13 қыркүйекте Канело екінші орта салмақтағы абсолютті чемпион атағын Теренс Кроуфордқа қарсы қорғайды. Бұл кездесуде Кроуфорд бірден екі салмаққа көтерілмек.