Джон Джонс UFC допинг-тестілеу пулына қайта оралды

Советский спорт
АҚШ-тың аралас жекпе-жек шебері, жартылай ауыр және ауыр салмақ дәрежелерінің бұрынғы чемпионы Джон Джонс (28-1, 1 NC) ресми түрде UFC ұйымының допинг-тестілеу пулына қайта қосылды. Бұл шешім спортшыға октагонға қайта оралуға жол ашады, деп хабарлайды Bassport.kz.
UFC-дің антидопинг ережесіне сәйкес, кез келген спортшы кем дегенде алты ай бойы тестілеу пулында болуы және екі мәрте теріс нәтиже көрсетуі қажет. Сол талаптар орындалған жағдайда ғана ол жарыстарға қайта қатыса алады.
Джонс соңғы рет 2024 жылдың 16 қарашасында UFC 309 турнирінде Стипе Миочичпен (20-4) кездесіп, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді. Ол кезде америкалық спортшы қарсыласына айналып келіп жасалған аяқ соққысын дарытып, кейін соққылармен жекпе-жекті аяқтаған.
Бұл кездесу Джонстың 2023 жылдың наурызында Сирил Ганды тұншықтыру әдісімен жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленгеннен кейінгі алғашқы жекпе-жегі болды.
Қазіргі таңда Джонстың келесі қарсыласы ресми жарияланған жоқ, алайда оның допинг-тестілеу пулына оралуы тағы бір үлкен жекпе-жектің өту ықтималдылығын арттырып отыр.