Қазақстанның тағы төрт боксшысы Азия чемпионатының финалына шықты

sportarena.kz
Таиланд астанасы Бангкок қаласында жастар мен 22 жасқа дейінгі спортшылар арасында World Boxing жаңа ұйымының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері қыза түсті. Бұл кезеңде Қазақстанның қыздар құрамасы керемет өнер көрсетіп, финалға жолдама алды, деп хабарлайды Bassport.kz.
48 кг:
Гүлназ Бурибаева алғашқылардың бірі болып рингке шығып, Моңғолия өкілі Биндерия Содон-Одпен кездескен. Қазақстандық боксшы қарсыласының қарқынды шабуылына бой алдырмай, салқынқанды түрде әр раундта үстемдік танытты. Қарсыласының эмоциясына берілмей, нақты әрі дәл соққыларымен жеңіске жетті. Енді ол финалда өзбекстандық Робияхон Бахтиёровамен кездеседі.
70 кг:
Келесі болып Бақыт Сейдіш өнер көрсетті. Ол үндістандық Парнджал Ядавпен тартысты жекпе-жек өткізіп, техникалық әрі агрессивті бокстың үлгісін көрсетті. Соңғы раундта қарсыласы қарқын қосқанына қарамастан, Бақыт басым түсіп, төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті.
75 кг:
Шұғыла Налибай да өз шеберлігін паш етті. Үндістандық Шрутимен өткен жекпе-жекте толық үстемдік көрсетіп, бір ауыздан төрешілердің қолдауына ие болды. Ол да енді алтын медаль үшін таласатын болады.
80+ кг:
Супер ауыр салмақта өнер көрсеткен Әсел Тоқтасын өзбекстандық Диёрахон Абдуманнобовамен кездесті. Қызықты әрі тең дәрежелі өткен жекпе-жекте төрешілердің шешімімен жеңіс Қазақстан өкіліне берілді.
22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы финалдық жекпе-жектер 11 тамыз күні өтеді. Қазақстандықтар кем дегенде күміс медаль иеленіп отыр, енді басты мақсат – алтын.