Алиби Идрис TUF финалында жеңіске жетіп, UFC-дің ТОП-5 қатарына қосылуды мақсат етіп отыр

Алиби Идрис TUF финалында жеңіске жетіп, UFC-дің ТОП-5 қатарына қосылуды мақсат етіп отыр
Жекпе-жек

Sport Plus Qazaqstan

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Алиби Идрис UFC ұйымдастырған The Ultimate Fighter (TUF) реалити-жобасының 33-маусымында финалға шығып, енді америкалық Джозеф Моралеске қарсы шешуші жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы спортшы Azamat Sport YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады Bassport.kz.

Идрис қарсыласының мықты екенін жақсы түсінеді.

— Қарсыласым — Джозеф Моралес. UFC-де жекпе-жек өткізген тәжірибелі файтер. Оның жалғыз мерзімінен бұрынғы жеңілісі бұрынғы чемпион Дейвисон Фигередодан болған. Жақсы грэпплер, Team Alpha Male залында Юрайя Фейбермен жаттығады. Сондай-ақ ол TUF шоуында Чейл Сонненнің командасында болды, — деді Алиби.

Ол финалдық айқасқа тыңғылықты дайындалғанын да айтты.

— АҚШ-қа жекпе-жекке 40 күн қалғанда келіп, толық дайындық өткіздім. Қасымда Дастан Амангелді де келіп, көмек көрсетті. Қарсыласымды еш менсінбеу жоқ. Оның қаншалықты мықты екенін түсінеміз. Бірақ мен де өзімнің деңгейімді дәлелдеуге келдім. Мақсатым – тек TUF жобасында жеңіске жету емес, UFC-дің ТОП-10, тіпті ТОП-5 қатарына ену. Қазір барлық жағынан дайынбыз, әсіресе психологиялық тұрғыдан, — деп бөлісті спортшы.

Алиби Идрис пен Джозеф Моралес арасындағы финал 17 тамыз күні UFC 319 турнирі аясында Чикагода өтеді. Аталған кештің басты жекпе-жегі – Хамзат Чимаев пен Дрикус Дю Плесси арасындағы айқас болмақ.