Өзбекстан бокс федерациясы Олимпиада чемпионына қатысты допинг дауына жауап берді

Өзбекстан бокс федерациясы Олимпиада чемпионына қатысты допинг дауына жауап берді
Бокс

Olympic.uz

Өзбекстан бокс федерациясы 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Лазизбек Муллажоновқа қатысты допинг тексерісінің қорытындысына байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Ұйым Халықаралық тестілеу агенттігінің (ITA) спортшы сынамасынан тыйым салынған зат табылды деген шешімімен келіспейтінін білдірді.

Федерация өкілдерінің айтуынша, Лазизбек Муллажоновтың ағзасынан анықталған зат 2024 жылдың қараша айында Ферғана қаласында жасалған шаш трансплантациясы кезінде қолданылған ем-дом шараларының салдарынан болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта федерация Халықаралық тестілеу агенттігіне қажетті барлық құжаттарды ұсынғанын, енді ресми шешімді күтетінін хабарлады.

Сонымен қатар ұйым спортшының Олимпиадада жеңіп алған алтын медалі тартып алынады деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды.

«Бұл жағдай Париж Олимпиадасының нәтижесіне ешқандай әсер етпейді. Алтын медаль спортшыда қалады», – деп мәлімдеді Өзбекстан бокс федерациясы өздерінің Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Лазизбек Муллажонов Парижде өткен Олимпиадада топ жарып, Өзбекстан қоржынына алтын медаль салған болатын.