Қазақстандық боксшы WBA рейтингіне енді

Sportbox
Шілде айының қорытындысы бойынша Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) жаңартылған рейтингін жариялады. Жаңа тізімде қазақстандық бірнеше боксшы жоғары орындарды иеленіп отыр, деп хабарлайды Bassport.kz.
Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Сұлтан Заурбек рейтингтегі екінші орнын сақтап қалды. Ол бұл тізімде ресейлік Эльнур Самедовтен кейін тұр. Аталған салмақтағы WBA чемпионы — америкалық Лэймонт Роуч-жуниор.
Жеңіл салмақта өнер көрсететін WBA Asia чемпионы Елшат Нығметолла тоғызыншы орнын сақтады.
Екінші орта салмақтағы Бек Нұрмағанбет бұрынғы тоғызыншы орнынан 11-ші орынға төмендеді.
Жартылай орта салмақта Руслан Мадиев рейтингке жаңадан қосылып, 13-ші орынға тұрақтады. Айта кетейік, ол WBA Asia белбеуінің иегері.
Бірінші жартылай орта салмақта Батыр Жүкембаев 14-орында қалды. Ал дәл осы салмақта Жанқош Тұраров WBA Gold белбеуінің иегері болса да, әзірге топ-15 қатарына енбей отыр.
Қазақстандық боксшылардың әлемдік рейтингтегі бұл көрсеткіштері олардың халықаралық деңгейдегі жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.