Қазақстанда спортшылар мен бапкерлерге берілетін сыйақы ережелері жаңартылды

Қазақстанда спортшылар мен бапкерлерге берілетін сыйақы ережелері жаңартылды
Басқа

gov.kz

Қазақстан ұлттық құрамаларының спортшылары мен жаттықтырушыларына қаржылай сыйақы төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Bassport.kz.

2025 жылғы 31 шілдеде Туризм және спорт министрінің бұйрығымен халықаралық жарыстарда жүлде алған спортшылар мен жаттықтырушыларға, сондай-ақ құрама командалардың мүшелеріне берілетін сыйақылар ережесіне бірқатар толықтырулар жасалды.

Басты өзгерістердің бірі – сыйақы алуға құқығы бар спортшылар тізімі кеңейтілді. Енді Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында 4–6 орын алғандар мен олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқандар да сыйақы ала алады.

Бапкерлерге қатысты да нақтылау жасалды. Олардың бірнеше санаты айқындалды:

• Бірінші жаттықтырушы – спортшыны бастапқы кезеңнен бастап кемінде 3 жыл жаттықтырған маман.

• Жеке жаттықтырушы – спортшыны ұлттық құрама сапынан тыс жеке бағдарлама бойынша кемінде 3 жыл дайындаған бапкер.

• Командалық спорт түрлеріндегі бапкер – жалпыфизикалық, техникалық-тактикалық немесе арнайы дайындықпен айналысатын, ұлттық құраманың бас бапкерімен бірлесіп жұмыс істейтін жаттықтырушы.

• Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы – ұлттық құраманың дайындық процесі мен халықаралық жарыстарға қатысуына толықтай жауапты тұлға.

Жаттықтырушыларға арналған сыйақы үлестері төмендегідей бөлінеді (жеке спорт түрлері бойынша):

• бірінші жаттықтырушы – 10%;

• жеке жаттықтырушы – 80%;

• бас жаттықтырушы – 10%.

Егер жаттықтырушы бірнеше рөлді қатар атқарса, оған тиесілі үлестер қосылып есептеледі.

Командалық спорт түрлерінде (ойын түрлері, эстафета, аралас немесе командалық жарыстар) бас жаттықтырушы мен қосымша екі жаттықтырушы жүлдеге байланысты сыйақы алады. Тек екі спортшыдан тұратын командалар бұл ережеден тыс қалдырылады. Командалық спорт түрлеріндегі бапкерлерді ұлттық аккредиттелген спорт федерацияларының жаттықтырушылар кеңесі анықтайды. Бұл мамандарға да 100% көлемінде сыйақы беріледі.

Құжаттар 10 жұмыс күні ішінде жарыс аяқталған соң тиісті спорт федерациялары арқылы тапсырылуы тиіс.

Қаржыландыру көздері:

• республикалық бюджет – қаржы жылы аяқталғанға дейін;

• ҚР Үкіметінің резерві – Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада секілді жарыстар үшін.

Сыйақылар жарыс өткен күнгі валюта бағамы бойынша есептеліп, спортшылар мен жаттықтырушылардың банк шоттарына аударылады.

Бұл ережелер 2025 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енеді.