Али Алиев «Қызылжар» клубынан 200 миллион теңге талап етті

Али Алиев «Қызылжар» клубынан 200 миллион теңге талап етті
Футбол

kff.kz

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Али Алиев өзінің бұрынғы жұмыс орны — «Қызылжар» футбол клубымен арада туындаған даулы жағдайдың ортасында қалды. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.

Tengri Sport мәліметінше, маман Қазақстан футбол федерациясының дауларды шешу палатасы арқылы «Қызылжардан» ірі көлемде өтемақы талап еткен. Алайда Петропавл қалалық соты бұл іске қатысты шешім шығарып, Алиевтың 10 миллион теңге көлемінде жалақыны негізсіз алғанын анықтаған.

Сот отырысында бапкер мен клуб арасындағы бұған дейін жарияланбаған бірқатар мәліметтер де белгілі болды. Құжаттарға сәйкес, 2025 жылдың 9 қаңтарында Алиев дауларды шешу палатасына жүгініп, еңбек келісімшарты №2 негізсіз бұзылды деп танылып, 120 миллион теңге көлемінде өтемақы, 2024 жылдың қыркүйек–желтоқсан айлары үшін 40 миллион теңге жалақы, турнирлік кестедегі 5-орын үшін 20 миллион теңге, чемпионаттағы 11 жеңіс үшін 11 миллион теңге, сондай-ақ еңбек шартын бекіткені үшін 10 миллион теңге төлеуді сұраған.

Осылайша, бапкердің жалпы талап сомасы 201 миллион теңгені құрады. Алайда клуб басшылығы бұл талаптардың басым бөлігін негізсіз деп танып, 120 миллион теңге өтемақы мен 40 миллион теңге жалақы қарызын төлеуден бас тартқан.

Али Алиев 2022 жылдың сәуірінен 2025 жылдың қаңтарына дейін «Қызылжарды» жаттықтырды. Кейін ол ұлттық құраманың бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалып, биылғы сәуірде Федерациямен толық келісімшартқа қол қойды.

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, федерация Алиевтың тарапын қолдайтынын мәлімдеді:

– Федерация бапкер Алиевтің заңдылық позициясына сенеді. Еңбек инспекциясы келісімшарттың заңды күшіне ие екенін растады. Алиев кассациялық шағым түсіріп жатыр, – деді министр.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров та бұл жағдайға тоқталып, Алиевтің қазіргі жұмысына баға берді:

– Али Алиев – жергілікті маман, ол Қазақстан футболының ерекшеліктерін жақсы біледі. Біз оның жұмысын сабырмен әрі мұқият бақылап отырмыз. Қазіргі келісімшарт артық шығынсыз, Черчесов кезіндегідей қыруар ақша жұмсалмайды. Ол ұлттық құрамалар департаментімен және техникалық орталықпен тығыз жұмыс істейді, – деді ол.

Осы даудың аясында Қазақстан футбол федерациясы әзірге ресми пікір білдіруден бас тартты. Tengri Sport сауалына жауап ретінде ҚФФ өкілдері түсініктеме беруге дайын емес екенін жеткізген.