Данияр Елеусінов АҚШ-тағы жекпе-жегінен кейінгі пікірін білдірді

Данияр Елеусінов АҚШ-тағы жекпе-жегінен кейінгі пікірін білдірді
Бокс

Әлеуметтік желі

2016 жылғы Олимпиада чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов АҚШ астанасы Вашингтонда өткен бокс кешінде филиппиндік Джеймс Бэйконды (26-5, 17 КО) екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, өзінің кәсіпқой мансабындағы 13-ші жеңісіне қол жеткізді.  

Жекпе-жектен кейін Bassport.kz тілшісіне берген сұхбатында отандасымыз жекпе-жек барысын, тактикалық жоспарын және алдағы жоспарларын бөлісті.

«Иә, Джэймс Бэйконмен өткен жекпе-жек екінші раундта аяқталды. Бірақ бұл алдын ала жоспарланған сценарий емес. Біз толық 8 раундқа дайындалған едік. Барлығы жекпе-жек барысындағы жағдайға байланысты өрбіді – екінші раундта ішке дарыған жойқын соққыдан кейін қарсылас орнынан тұра алмады», – дейді Елеусінов.

Боксшының айтуынша, бұл кездесуге арнайы тактикалық жоспар құрылған. Қарсыластың осал тұстарын зерттеп, көбіне қарсы шабуыл мен шығарып алу соққыларына мән берілген.

«Бірнеше жылдық үзілістен кейін АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жек психологиялық тұрғыдан оңай болған жоқ. Рингке қайта оралу кезінде аздаған қобалжу болды», – деп ағынан жарылды Олимпиада чемпионы.

Кәсіпқой бокстағы келесі қадамына тоқталған Даниярдың айтуынша, келесі жекпе-жегі қыркүйек айына жоспарланып отыр. Ал 2026 жылдың басында оның промоутерлік компаниясы – Zuffa лигасы іске қосылады.

«Zuffa лигасы қаңтар айында басталады. Сол кезге дейін тоқтап қалмау үшін бокс кештеріне қатысып, өзімнің бабымда екенімді дәлелдеп жүрмін», – деп нақтылады спортшы.

Айта кетейік, Вашингтондағы бокс кешінде қазақстандық тағы бір спортшы – ауыр салмақтағы Иван Дычко (15-0, 14 КО) да өнер көрсетіп, америкалық Сэмюэл Кроссты (15-0, 14 КО) алғашқы раундта нокаутқа жіберді.