Алматыда жаңа футбол стадионы салынуы мүмкін

ҰОК
Алдағы жылдары Алматыда әлемдік стандарттарға толық сай келетін жаңа футбол стадионы салынуы ықтимал, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бұған дейін қала билігінің жоспарында тек «Орталық» стадионды қайта жөндеу болған. Алайда қазір 40 мың көрерменге арналған жаңа аренаның салыну мүмкіндігі артып отыр. Жаңа стадион қаланың шеткі аумағында орналасуы мүмкін, бірақ нақты орны әлі бекітілмеген.
Жоспарға сәйкес, бұл арена ірі халықаралық спорттық шараларды (мысалы, еурокубоктардың финалын) қабылдауға жарамды болады. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі концерттер өткізуге де мүмкіндік бермек. Осыған байланысты, «Орталық» стадионды қайта жөндеу жұмыстары бұрын жоспарланғандай ауқымды болмауы мүмкін. Нысан өзінің тарихи келбетін сақтап қалуы ықтимал. Сонымен қатар, стадион жабылмайды, яғни «Қайрат» командасы бұл жерде бұрынғыдай ойындарын жалғастырады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚФФ президенті Марат Омаров УЕФА-ға Конференциялар лигасының финалы немесе Суперкубок кездесулерін Астана немесе Алматы қалаларында өткізу жөнінде ресми өтінім берілгенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, U-21 және U-19 жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаттарын қабылдау жоспары да бар.