Түркістан облысында бұқаралық және кәсіби спорттың даму қарқыны

Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту және кәсіби спортшыларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Соңғы айларда өңірде түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, жаңа спорт нысандары пайдалануға берілді. Бұл – спорт инфрақұрылымын жаңарту мен дарынды жастарды қолдаудың нақты көрсеткіші. 2025 жылдың шілде айында Сайрам ауданының Қарасу ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Бұл 2 қабатты кешенде спорт зал, жаттығу залы, киім ауыстыру және медициналық бөлмелер толық қарастырылған. Ғимаратта гандбол, волейбол, баскетбол, күрес, бокс, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетикамен айналысуға барлық жағдай жасалған. Кешен күніне 60–70 адамды қабылдай алады. Түркістандық спортшылар халықаралық ареналарда да өңір мерейін үстем етуде. Дзюдодан Тайбэй қаласында өткен Азия кубогында 90 келіде сынға түскен Хамза Дидар қола жүлде иеленді. Сонымен қатар, классикалық шахматтан Қазақстан балалары кубогының 4-кезеңінде Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубының спортшысы Нурислам Сұлтанхан 7,5 ұпай жинап, абсолютті чемпион атанды.
Алматы облысында өткен жасөспірімдер арасындағы жеңіл атлетика чемпионатында Түркістан облысының атлеттері 3 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Нұрдәулет Маман мен Ұлболсын Есіркеп найза лақтыруда топ жарса, Асылхан Ұлданай 3000 м және 5000 м кедергі жүгірістен чемпион атанды. Қазақ күресінен Астанада ұйымдастырылған ел чемпионатында +65 келіде сынға түскен Әбілқасым Ербұлан қарсыластарына шақ келтірмей, Қазақстан чемпионы атанды.
Астана қаласында өткен республикалық «Толағай» алыптар сайысында да түркістандықтар үздік нәтиже көрсетті. Азамат Мақұлбеков жарыс жеңімпазы атанып, Түркістан облысының намысын абыроймен қорғады. Сонымен қатар, футболдан әуесқой командалар арасында алғаш рет Түркістан облысы чемпионаты басталды. Бұл турнирге облыс бойынша 186 команда, 3300-ге жуық футболшы қатысуда. Бірінші кезеңде ауыл командалары іріктелсе, екінші кезеңде облыстың 3 қаласы мен 14 ауданынан құралған құрамалар жарысты жалғастырады. Финалдық кезең тамыз айында «Түркістан-Аренада» өтеді.
Түркістан облысында спортты дамытуға бағытталған шаралар нақты нәтижесін беруде. Спорт нысандарының салынуы, бұқаралық спортқа қолжетімділіктің артуы және халықаралық жарыстардағы табыстар – өңір спортындағы сапалы өзгерістердің айғағы.