Қазақстан хоккей чемпионаты халықаралық мәртебесінен айырылды

Хоккей
olympic.kz
Қазақстан хоккей чемпионаты енді халықаралық лига мәртебесіне ие емес, деп хабарлайды Bassport.kz «Головой Об Лед» Instagram арнасына сілтеме жасап.
Арнаның мәліметінше, бұған басты себеп – өзбекстандық «Хумо» клубының белгісіз күйге түсуі. Командадан ешқандай ақпарат жоқ: құрамы, жаттықтырушылар штабы, ресми жауап – мүлде хабарсыз.
«Біз шетелдік клубтар қосылып, чемпионатымыз Швейцария немесе Германия лигасы секілді дамиды деп үміттендік. Қырғызстан, Қытай сынды елдерден де командалар келеді деп сендік. Алайда бұл маусымда лига халықаралық мәртебесінен айырылды. Күнтізбені де соңына дейін күттік, бірақ енді нақты белгілі болды — “Хумо” жоқ», – дейді арна авторы.
2025 жылғы жаңа маусымның күнтізбесі мен тамыз айының соңында басталатын Кубок кестесінде өзбек командасы болмайды. Осылайша, Қазақстан чемпионаты биыл тек отандық клубтар арасында өтпек.