«Барыс» клубының сатылмайтыны жайлы ресми мәлімдеме жасалды

ХК “Барыс”
Астананың «Барыс» хоккей клубы ресейлік инвесторларға сатылмайды. Бұл туралы Bassport.kz «Головой об лед» Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат көздерінде «ресейлік ірі инвестор клубты сатып алғысы келеді» немесе «ҚХЛ басшысы келіссөздер үшін Астанаға аттанады» деген ақпарат тараған болатын.
Алайда бұл қауесеттерге «Барыс» клубының басшылығы нақты жауап берді:
— «Барысты» шетелдік инвесторларға сату мәселесі мүлде талқыланған жоқ. Бұл – Қазақстанның клубы. Мұндай алып-қашпа әңгімелердің қайдан шығатыны белгісіз, – деп келтірді дереккөздің сөзін Telegram арнасы.
Бұған дейін ҚХЛ президенті Алексей Морозовтың елордаға келіп, «Барыс» басшылығымен кездесу өткізетіні хабарланған еді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда қабылданған жаңа заң бойынша мемлекеттік бюджеттен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салынды. Соның салдарынан клуб барлық шетелдік ойыншыларымен келісімшартты үзуге мәжбүр болды. Бұл жағдай ҚХЛ-дағы жалғыз қазақстандық клубтың болашағына алаңдаған ресейлік тараптың назарын аудартты.