Ауыл балалары халықаралық каратэ турнирінде жүлдегер атанды

Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде 11–13 шілде күндері өткен Kazakhstan Open 2025 халықаралық каратэ турнирінде ауыл балалары үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұл – WKF ережелері бойынша ұйымдастырылған айтулы дода, биыл сегізінші рет өткізіліп отыр. Жарысқа Қазақстанмен қатар, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және бейтарап мәртебедегі Ресей Федерациясы өкілдерінен құралған командалар қатысты. Жалпы саны 700-800-ге жуық спортшы татамиге шықты.
Аталған турнирде Қазақстанның әр өңірінен келген үздік каратэшілермен қатар, «AUYL SPORT» жобасының республикалық кезеңінде көзге түскен ауыл балалары да бақ сынады. Бұл олардың халықаралық аренаға алғаш шығуы әрі үлкен спорттағы алғашқы қадамы болды.
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Қызылсай ауылынан қатысқан 14 жастағы Матжан Мәдениет 52 кг салмақта күміс медаль жеңіп алса, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылынан Анищенко Захар 60 кг салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. «AUYL SPORT» жобасының арқасында ауыл балалары осындай беделді жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтауда. Бұл – олардың спорттық әлеуетін дамытуға берілген зор мүмкіндік. Алдағы уақытта олардан бұдан да үлкен жетістіктер күтеміз, – деді бапкер Ерлан Сәрсенов.
Турнирге «AUYL SPORT» жобасы аясында алты ауыл баласы қатысты. Олардың елордаға келіп, жарысқа қатысуына толықтай қолдау көрсеткен – Тимур Құлыбаев басқаратын «Halyk» қайырымдылық қоры. Қор жол жүру, жатын орын, тамақтану және қажетті спорттық киімдермен қамтамасыз ету секілді барлық шығынды өз мойнына алған.
– Біздің басты мақсатымыз – ауыл балаларына мүмкіндік беру. Бұл жобаның аясында болашақ Олимпиада чемпиондарының іргетасы қаланып жатыр. Алдағы уақытта бұл бастама кеңейіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан жастар халықаралық додаларда топ жаратынына сенімдіміз, – деп атап өтті «Halyk» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Айта кетейік, Kazakhstan Open 2025 турнирі – Қазақстан ұлттық құрамасы үшін маңызды рейтингілік жарыс болып саналады. Бұл жарыстың нәтижесінде еліміздің жастар құрамасы жасақталып, қыркүйек айында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Турнирдің ұйымдастырушысы – Қазақстан каратэ федерациясы.