Қазақстан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Өзбекстанды артқа тастап, алтын жүлдеге қол жеткізді

Басқа
ҰОК
Астанада өтіп жатқан 2025 жылғы ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшесі Ерасыл Сәулебеков алтын медаль жеңіп алды.
88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ерасыл қос сайыс нәтижесі бойынша 344 келіні (153 кг, + 191 кг) еңсеріп, құрлық біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Екінші орынды өзбекстандық Бекзод Гофиржонов иеленді — оның нәтижесі 341 келі (151+190). Үздік үштікті үндістандық Сайраж Пардеши қорытындылады — 338 келі (152+186).
Айта кетейік, бүгін, 8 шілде күні Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында екінші мәрте алтын жүлдеге ие болды. Бұған дейін жасөспірімдер санатында Кирa Данилова да топ жарған еді.