Қазақ спортшысы АҚШ ұлттық құрамасының атынан өнер көрсетпек

Қазақ спортшысы АҚШ ұлттық құрамасының атынан өнер көрсетпек
Басқа

Instagram

2025 жылдың 5 шілдесінде АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен AAU ұлттық таэквондо чемпионатында +87 келі салмақта өнер көрсеткен қазақ спортшысы Рахым Әділханов алтын жүлдені жеңіп алды.

Ірі жарысқа 1000-нан аса спортшы қатысқан. Әділханов бес жекпе-жекте де айқын басымдықпен жеңіске жетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Жеңісті өнерінің нәтижесінде Әділханов АҚШ-тың AAU Taekwondo ұлттық құрамасының қатарына ұсынылып, команда сапында халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге, оны АҚШ-тың бірнеше беделді таэквондо командалары өз қатарына шақырған. Спортшы осы мүмкіндіктердің ішінен Tae Ryong Taekwondo Team командасымен келісімге келді.

Спортшының айтуынша, ол қазіргі уақытта Лос-Анджелесте таэквондо бапкері болып жұмыс істейді және кәсіби мансабын АҚШ-та жалғастыруда.

“Мен Қазақстандағы спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін Америкаға көшіп келдім. Қазір Лос-Анджелесте таеквондо бапкері болып жұмыс істеймін және бір уақытта танымал болып, бедел жинау үшін жарыстарға қатысып жүрмін. Менің мақсатым — Американы бағындырып, тәжірибе жинап, болашақта өз таеквондо мектебімді ашу”, — дейді ол.

Рахым Әділханов қазір АҚШ азаматтығына қажетті құжаттарды жинау үстінде, алайда азаматтықты ресми түрде әлі алған жоқ.

Айта кетейік, AAU Taekwondo - АҚШ-тағы ең ірі әуесқой спорт ұйымы. Бұл ұйым жастар мен жасөспірімдерге арналған жарыстар өткізеді. Жеңімпаздар AAU құрамасына еніп, кейбір халықаралық турнирлерге қатыса алады. Алайда бұл құрама ресми ұлттық немесе олимпиадалық команда болып саналмайды.