Едіге Емберді Азия чемпионатында екі рекорд орнатып, чемпион атанды

olympic.kz
Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық зілтемірші Едіге Емберді керемет нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Bassport.kz.
Ол серпе көтеру және қоссайыстың қорытындысы бойынша Азияның екі рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды.
Емберді қоссайыста 347 келіні (153+194) еңсеріп, чемпион атанды. Бұл көрсеткіш – екі бірдей жаңа Азия рекорды. Екінші орынды 343 келі (151+192) нәтижесімен тағы бір қазақстандық спортшы Ақжол Құрманбек иеленді. Үшінші сатыға 337 келі (152+185) нәтижесімен өзбекстандық Хайитбой Абдушукуров көтерілді.
Айта кетейік, Едіге Емберді бұған дейін де, 2024 жылы жастар арасында әлем рекордын жаңартып, Азия чемпионы атанған болатын. Бұл жолғы жеңіс оның үздік формасын тағы бір дәлелдеді.