Өзбек файтері Асу Алмабаевқа қарсы жекпе-жектен бас тартуының себебін түсіндірді

Өзбек файтері Асу Алмабаевқа қарсы жекпе-жектен бас тартуының себебін түсіндірді
Жекпе-жек

Әлеуметтік желі

UFC-дегі өзбекстандық файтер Рамазон Темиров (19-3) қазақстандық Асу Алмабаевпен (21-3) өтеді деп жоспарланған жекпе-жек не себепті болмай қалғанын түсіндірді. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.

Еске салайық, қос спортшы 26 шілдеде Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін UFC on ABC 9 турнирі аясында кездесуі керек еді. Алайда Темиров жарысқа қатыспайтын болды. Ұйым оған басқа қарсылас тапты.

– Абу-Дабидегі Асу Алмабаевпен өтетін жекпе-жек болмайды. Бұл жағдай біздің тараптан шықты. Таиландтағы жаттығу кезінде белгісіз инфекция жұқтырып алдым. Содан кейін диетологымыз Искандердің нұсқауымен дәрі қабылдадым. Арада үш-төрт күн өткен соң, допинг-тексерушілер келіп, сынама алды. Кейінірек допинг-қорытынды шықты. Қабылдаған дәрімде тыйым салынған зат анықталып, бақылаудан өтпей қалдым. Сол себепті жекпе-жекке қатыса алмадым. Алдағы жекпе-жектер жайлы нақты ақпарат кейінірек белгілі болады. Адам өмірінде түрлі сынақтар болады, оны тек нағыз ерлер ғана еңсере алады, — деді Темиров Instagram парақшасында.

Айта кетейік, 31 жастағы Асу Алмабаев өзінің соңғы кездесуінде Манел Капеден (21-7) ұтылып, 17 жекпе-жектен тұратын жеңісті сериясын тоқтатқан болатын. Қазіргі таңда ол UFC рейтингінде 9-орында тұр және промоушендегі көрсеткіші - 4 жеңіс, 1 жеңіліс.