Түркістан облысының әкімі мен ҚФФ өкілдері футболды дамыту мәселесін талқылады

Түркістан облысының әкімі мен ҚФФ өкілдері футболды дамыту мәселесін талқылады
Футбол

ҚФФ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория және кәсіби клубтар жарыстарын ұйымдастыру дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырмен кездесті. Басқосуда өңірдегі футболды өркендету, жастар арасынан таланттарды анықтап, оларды үлкен спортқа бағыттау мәселелері қаралды. Әкім өз сөзінде қазақстандық футболшыларға басымдық беріліп, оларға қолайлы жағдай жасалу қажеттігін атап өтті.

– Президент кәсіби клубтарды қаржыландыру тетігін жүйелеуді тапсырды. Легионерлердің көптігі қоғамда жиі сынға ұшырап жүр. Осыған байланысты біз өңірде бұл мәселені шешу бағытында нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Жергілікті командалардың ойынын тұрақты бақылап отырамыз. Өз азаматымыз ретінде, мені алаңдататыны – клубтарда шетелдік ойыншылардың санының артуы. Қазақстандық футбол лигаларында өз ойыншыларымызға мүмкіндік берілуі керек. Біз бұл бағытта қаржыландыру мен даму саясатын қайта қарап жатырмыз. Ел ішінде дарынды футболшылар бар, тек соларды тауып, қолдауымыз керек. Осы мақсатта аула футболын жандандыру, жасөспірімдер мен жастар арасында турнирлер санын көбейту туралы шешім қабылдадық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде Давид Лория Түркістан облысының футбол инфрақұрылымы мен жас буынды даярлау ісіндегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Ол облыстағы бастамаларға оң бағасын беріп, Қазақстан футбол федерациясы тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кездесуде облыстық футбол федерациясының басшысы Нұралы Әбішов өңірде футболды дамыту жолдарына тоқталды.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 87 спорт ұйымында 13 мыңнан астам жасөспірім футболмен шұғылдануда. Оларға 380 жаттықтырушы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп келеді. Өңірде кәсіби клубтар саны артып, футболға деген қызығушылық жоғары. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіби клубтарды қаржыландыруды коммерциялық модельге көшіру бойынша жұмыстар қолға алынған. Бұл бағытта инвесторлар мен демеушілер тартуға басымдық берілмек.