“Ливерпуль” Диогу Жотаға мәңгілік құрмет көрсетті

Sportbox
Ағылшынның “Ливерпуль” футбол клубы автокөлік апатынан қаза тапқан Диогу Жотаға ерекше құрмет ретінде оның 20-нөмірін мәңгілікке зейнетке шығарғанын ресми түрде хабарлады, деп жазады Bassport.kz.
Бұл шешім Испанияның солтүстік-батысында болған қайғылы оқиғадан кейін қабылданды. Жота көлік апатында өмірден өтті. Оның қасында туған інісі, “Пенафиел” клубының ойыншысы Андре Силва да болған.
Клубтың ресми мәлімдемесінде 20-нөмір енді ешбір ойыншыға берілмейтіні айтылған. Бұл шешім футболшының 2024/25 жылғы чемпиондық маусымдағы еңбегі мен клуб тарихындағы ерекше орнын ескере отырып қабылданған. Ерекше атап өтілген жайт — Жотаның соңғы ойынында, сәуір айындағы мерсисайдтық дербиде соққан жеңіс добы оның мансабындағы соңғы доп болған.
Диогу Жота “Ливерпульге” 2020 жылы қосылды. Осы уақыт аралығында 182 матч өткізіп, үш бірдей трофей иеленді. Ол бұған дейін “Вулверхэмптон”, “Порту”, “Атлетико” және “Пасуш де Феррейра” клубтарында ойнаған. Жақында ғана Англия Премьер-лигасының чемпионы атанып, Португалия құрамасымен екінші рет Ұлттар лигасын жеңіп алған еді.
Жотаның мансабы ең жоғарғы деңгейде жүрген сәтінде үзіліп қалды.