Жәнібек Әлімханұлының The Ring журналының жаңартылған рейтингіндегі орны белгілі болды

Әлеуметтік желі
Орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әйгілі The Ring журналының жаңартылған рейтингінде бірінші орынды сақтап қалды, деп хабарлайды Bassport.kz.
WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулердің иесі саналатын қазақстандық былғары қолғап шебері (17 жеңіс, 12 нокаут) орта салмақ дәрежесінде көш басында тұр. Оның ізін ала WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) және британиялық Хамза Шираз (21-0-1, 17 KO) орналасқан. Ал WBA тұжырымының чемпионы, кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) төртінші орында.
Айта кетейік, Жәнібек өзінің соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада өткізген болатын. Ол франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, өз атақтарын сәтті қорғады.