Қазақстанда Майк Тайсон мен Федор Емельяненко жекпе-жек өткізеді

GQ
Бүгін Астанада өтетін ALASH PRIDE FC 108 турниріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Жиын барысында ұйымдастырушылар келер жылға жоспарланған сенсациялық жекпе-жек жайында Bassport.kz тілшісіне мәлім етті.
ALASH PRIDE ұйымының негізін қалаушы Данияр Қасқарауов Федор Емельяненконың қатысуымен өтетін жекпе-жек туралы айтты:
— Осы кездесуде Федор Емельяненконы басты жекпе-жекке қоюға келіссөздер жүргіздік. Тек келісімшартқа қол қою ғана қалған еді. Алайда кейбір мәселелер бойынша процесс созылып кетті. Онымен келесі жылдың соңында жекпе-жек өткіземіз деген жоспар бар, - деді ол.
Ал ALASH PRIDE президенті Әлімжан Бектаев мүлде күтпеген мәлімдеме жасады:
— Алдағы мақсатымыз - Майк Тайсон мен Федор Емельяненко арасындағы жекпе-жекті өткізу, - деді ол.
Екі спорт аңызы арасындағы айқас шынымен жүзеге асса, бұл Қазақстан тарихындағы ең ірі бокс оқиғаларының бірі болмақ.
Айта кетейік, ALASH PRIDE FC 108 турнирі 27 мамыр күні Астанада өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде Дамир Исмагулов пен Алан Патрик кездеседі.