«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының финалында ірі есеппен жеңілді

«Қайрат» футзалдан Чемпиондар лигасының финалында ірі есеппен жеңілді
Футзал

AFK KAIRAT

Алматылық «Қайрат» футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының «Төрттік финалындағы» шешуші ойында Испанияның «Пальма» клубына жол берді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Францияның Ле-Ман қаласында өткен финалдық кездесуде Марлон Веласко баптайтын команда қарсыластарына 4:9 есебімен есе жіберді.

Матчтың 7-минутында Хесус Гордильо «Пальманы» алға шығарса, араға екі минут салып Кайо Руис есепті теңестірді. Алайда бірінші таймның соңында испандықтар басымдықты қайта қолға алды: Лукас Машадо (18’) мен Марио Ревильос (19’) гол соқты.

Екінші тайм «Қайрат» үшін сәтсіз басталды. «Пальма» сапындағы Фабиньо бірінен соң бірі төрт гол соғып (23’, 27’, 28’, 31’), алматылық команданы тығырыққа тіреді. 32-минутта Негиньо сегізінші голды салды.

Тек осы сәттен кейін ғана «Қайрат» есепті қысқартуға тырысты: 33-минутта Дәурен Тұрсағұлов, 36-минутта Жахангир Рашит және 38-минутта Маттеус Майя бір-бір голдан соқты. Алайда соңғы нүктені 39-минутта «Пальма» ойыншысы Кевин Аррьета қойып, матч 9:4 есебімен аяқталды.

Бұған дейін алматылық команда бұл беделді турнирді 2012/13 және 2014/15 маусымдарында жеңіп алған болатын.

Сондай-ақ үшінші орын үшін матчта испаниялық тағы бір клуб - «Картахена» португалиялық «Спортингті» тізе бүктірді.