«Семей» футзал клубы футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы болған бразилиялық қорғаушыны қатарға қосты

«Семей» футзал клубы атақты бразилиялық қорғаушы Марсело Аугусто дос Сантоспен келісімшартқа қол қойғанын хабарлайды. Келісімшарт 2030 жылдың соңына дейін жасалып, оны ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
25 жастағы Марсело кәсіби мансабын Бразилияның «Кампу-Моран» клубында бастаған. Кейінірек елдің жетекші командаларының бірі — «Коринтианс» сапында екі маусым ойнап, ұлттық деңгейдегі қос трофейді жеңіп алды: Бразилия Кубогын (2019) және Суперкубокты (2020).
2021 жылдан бастап Марсело Испанияның «Нойя Портус Апостоли» командасында өнер көрсетті. Бұл жерде ол негізгі ойыншылардың біріне айналып, командаға Екінші дивизионда (Segunda División) жеңіске жетіп, Жоғарғы лигаға шығуға көмектесті. Сондай-ақ, екі мәрте Галисия автономды үкіметінің кубогын (Copa Xunta) жеңіп алды.
2023–2025 жылдар аралығы Марсело үшін рекордты кезең болды: «Пальма Футзал» (қазіргі атауы — «Ильес Балеарес Пальма Футзал») құрамында ол екі мәрте УЕФА Чемпиондар лигасын және бір рет Континентаралық кубокты жеңіп алды.
«Бұл жерде болу мен үшін үлкен қуаныш. Қолымнан келгеннің бәрін жасап, клубқа көмектескім келеді. Қазақстанда да, Еуропада да мүмкіндігінше көп жүлде жеңіп алғым келеді. Клубтың биік мақсаттары бар, мен де осы жеңіске деген ұмтылысты бөлісемін. Команда мен жанкүйерлер үшін барымды салуға дайынмын», – деді Марсело.
“Біз команда құрамына осындай амбициясы мен мотивациясы жоғары ойыншыны қосқанымызға қуаныштымыз. Ол біздің негізгі құндылықтарымызға — кәсібилікке, жеңіске деген жігерге және клуб мәдениетіне құрметпен қарауға толықтай сай келеді. Оның тәжірибесі мен көзқарасы ішкі аренада да, Еуропада да бізге қойылған мақсаттарға жетуге көмектеседі деп сенеміз. «Семейге» қош келдің!, – деді «Семей» футзал клубының бас директоры Азамат Аселқан.
Клуб өкілдері қазіргі уақытта алдағы маусымға белсенді дайындық жүріп жатқанын атап өтті. Марселоның келуі – команданы күшейтудің маңызды қадамы. Жақын арада клуб жаңа ойыншылар жайлы тағы хабарлайды.
Анықтама үшін: ФК «Семей» – Қазақстандағы жалғыз жеке меншік футзал клубы. Клубтың иесі – EA Group қазақстандық холдингі. Бұл холдингтің негізін семейлік кәсіпкерлер қалаған Құрылған алғашқы жылы -ақ - 2023/24 маусымында - «Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионы атанды..