Қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров WT President's Cup халықаралық турнирінің күміс жүлдегері атанды

ҚТФ
Қытайда өтіп жатқан «World Taekwondo President’s Cup - Asian Region» халықаралық турнирінде қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Bassport.kz.
63 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшымыз жарыс барысында төрт жекпе-жек өткізіп, финалға дейін сенімді қадам басты. Алғашқы айналымда ол қазақстандық Дулат Әбдімалікті ұтса, ширек финалда тайваньдық Хуанг Чо Ченгті айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда оңтүстіккореялық Жанг Жабинді жарыс жолынан шығарған Самирхон шешуші кезеңде тағы бір мықты қарсылас - Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының және Гран-при кезеңдерінің жеңімпазы Джунг Джанмен (Оңтүстік Корея) жолықты. Тартысты финал қорытындысы бойынша Абабакиров екінші орыннан көрінді.
Айта кетейік, бұл - Қазақстан құрамасының Президент кубогындағы үшінші медалі. Бұған дейін Батырхан Төлеуғали (-80 кг) мен Азиза Каражанова (-53 кг) қола жүлдегер атанған болатын.
Бұл нәтижелер 2026 жылғы Азия чемпионатына қатысу үшін қажетті лицензиялық ұпайлар жинауға оң әсерін тигізеді.