Парахоккейден балалар командасы Қазақстан хоккей федерациясынан ойын формасы мен жабдықтар алды

Парахоккейден балалар командасы Қазақстан хоккей федерациясынан ойын формасы мен жабдықтар алды
Хоккей

Видеодан кадр

Қазақстандық пара хоккейден алғашқы балалар командасы - «Сақ жолбарыстары» 24 сәуірде Сочиде өтетін бейімделген хоккей фестиваліне жол тартады. Бұл - олар үшін халықаралық аренадағы алғашқы сын болмақ.

Жарыс алдында жас спортшылар Қазақстан хоккей федерациясынан арнайы ойын формасы мен қажетті жабдықтар алды. Сонымен қатар, ҚХФ балалардың Сочиге ұшу шығындарын да өз мойнына алды. Федерация басшылығы мен өкілдері жаттығу барысында командаға сәттілік тілеп, жеке қолдау білдірді.

Фестиваль аясында 26-28 сәуір күндері «Сақ жолбарыстары» төртінші дивизионда «Лада Следж», «Метеор», «Кузнецк», «Балаково», «Дрозд» командаларымен бақ сынасады. Жалпы бес дивизионға бөлінген додада 7-16 жас аралығындағы 1350 қатысушыдан құралған 120 команда сынға түседі. Арасында балалар да, ересек спортшылар да бар.

Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Сәкен Мұсайбеков турнирге қолдау көрсеткен серіктестеріне алғысын білдірді:

«Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша және «Самұрық-Қазына» мен KazMinerals компаниясының қолдауымен паралимпиадашыларымызды толықтай жабдықтадық. Балалар командасы Сочидегі алғашқы жарысына аттанып барады, ал ересек команда қыркүйекте әлем чемпионатында Паралимпиада жолдамасын сарапқа салады. Жақында Мемлекет басшысы спорт туралы жаңа заңға қол қойды. Қысқаша айтсақ, енді легионерлерді мемлекеттік және квазимемлекеттік қаржыдан қаржыландыру тоқтайды. Бұл қаржы балалар мен бұқаралық спортты, бейімделген спортты дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға, жаттықтырушыларды оқыту мен құрал-жабдық сатып алуға бағытталады. Бұл пара хоккейді қоса алғанда, бүкіл спорт саласына тың серпін береді».

Белгілі спорт блогері, Street Workout қозғалысы мен JANA MEN жобасының негізін қалаушы Айтым Жақұпов та жас пара хоккейшілерге қолдау білдіріп келді:

«Шынымды айтсам, таңғалдым. Мұнда қаншама жас жаттығып жатыр. Ересек команда бұрыннан бар, бірақ жарты жылдан аз уақытта жаттығуды бастаған балалардың Сочиде өнер көрсеткелі жатқаны - үлкен жетістік. Жеңіс пен табыс тілеймін!»

«Сақ жолбарыстары» командасы 2024 жылдың 3 желтоқсанында құрылған. Қазіргі таңда 11 бала жаттығуда. Бұл - еліміздегі пара хоккейден тұңғыш балалар командасы. Федерация алдағы уақытта тағы екі қалада балалар секциясын ашуды жоспарлап отыр.

«Сақ жолбарыстарының» ойын кестесі:

26 сәуір 2025, 16:45 – «Сақ жолбарыстары» – «Дрозд»

27 сәуір 2025, 13:30 – «Дрозд Балаково» – «Сақ жолбарыстары»

27 сәуір 2025, 21:20 – «Метеор» – «Сақ жолбарыстары»

28 сәуір 2025, 17:30 – 3-орын үшін матч

28 сәуір 2025, 18:50 – Финал