Әлімханұлы үш чемпиондық белбеу үшін келіссөз бастады

Әлімханұлы үш чемпиондық белбеу үшін келіссөз бастады
Бокс

Prosport

Орта салмақтағы әлемнің екі үздік боксшысы — IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) біріккен титул үшін жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Bassport.kz vRINGe.com және Broadway Joel подкастының мәліметіне сүйене отырып.  

Әлімханұлы мен Адамес бұған дейін спарринг өткізген. Доминикандық боксшының айтуынша, олар алты раундқа келісіп, бірақ Әлімханұлы үш раундтан кейін жалғастырудан бас тартқан. Қазақстандық боксшының бұған қатысты өз нұсқасы бар.  

Жекпе-жекке жол ашылып отырғанымен, WBC бұған дейін Карлос Адамеске міндетті қарсылас ретінде қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановты бекіткен болатын. Бұл жағдай келіссөздерді күрделендіріп отыр.  

Дегенмен, екі боксшының промоутерлері — Боб Арум (Top Rank) пен Эл Хэймон (PBC) өзара келісімге келіп, ортақ мүдде үшін бірігіп жұмыс істеуге уағдаласқан. Бұл қадам Турки Аль аш-Шейхтің кәсіби бокстағы ықпалына қарсы тұру үшін жасалған.

Егер келіссөздер сәтті аяқталса, Жәнібек Әлімханұлы үш чемпиондық белбеуді біріктіру мүмкіндігіне ие болады.