Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына дайындықты бастады

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына дайындықты бастады
Хоккей

Icehockey.kz

Бүгін, 18 сәуір күні Астанадағы «Барыс Аренада» шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының әлем чемпионатына арналған оқу-жаттығу жиыны басталды. Жиын барысында команда тактикалық дайындықпен қатар, бірқатар жолдастық кездесулер өткізеді. 

Құрама бапкерлері әлем чемпионатына қатысатын ойыншылардың кеңейтілген тізімін жариялады. Турнирге 25 хоккейші – 22 ойыншы және 3 қақпашы тіркеледі. Қорытынды құрам оқу-жаттығу жиынынан кейін белгілі болады. Ұлттық құрама сапында «Барыс», «Арлан», «Сарыарқа», «Номад», «Хумо», сондай-ақ Ресей және Өзбекстан клубтарында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшылар бар.

1–3 мамыр аралығында Астанада 1XBET Qazaqstan Hockey Open халықаралық турнирі өтеді. Бұл жарыс Қазақстан құрамасы үшін шешуші дайындық кезеңі болмақ. Команда Беларусь және Ресей құрамаларымен кездеседі. 5 мамырда ұлттық құрама Швецияға аттанып, 6 мамырда Словениямен жолдастық кездесу өткізеді. 7 мамыр күні Данияға жетіп, 10 мамырда Норвегия құрамасына қарсы алғашқы ойынын өткізеді.

Қазақстан құрамасы В тобында өнер көрсетеді. Қарсыластар қатарында Норвегия, Дания, Германия, Венгрия, Чехия, Швейцария және АҚШ бар. Чемпионат 9–25 мамыр аралығында өтеді.

Әлем чемпионаты қарсаңында ұлттық құраманың бапкерлік штабы жаңарды. Владивостоктың «Адмирал» клубының бас бапкері Леонид Тамбиев Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар қатарына қосылды.

Бапкерлік штаб құрамы:

Бас бапкер: Олег Болякин

Жаттықтырушылар: Леонид Тамбиев, Георгий Верещагин, Талғат Жайлауов

Қақпашылар бапкері: Павел Бессонов