Жәнібек абсолюттік чемпион бола ала ма? Олимпиада чемпионы жауап берді

Жәнібек абсолюттік чемпион бола ала ма? Олимпиада чемпионы жауап берді
Бокс

Нұрғали Жұмағазы

Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының болашағы туралы өз пікірін BasSport.kz тілшісіне білдірді.

— Жәнібек Әлімханұлының абсолюттік чемпион атануға мүмкіндігі өте жоғары. Егер бұл мәртебеге жетсе, бүкіл қазақ елі үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз. Соңғы кездесулерінде өте сенімді жұдырықтасып жүр, қарсыластарын нокаутқа түсіріп келеді. Қазір ол — әлемдегі ең мықты боксшылардың бірі, нағыз панчер, — деді Ибраимов.

Сондай-ақ, ол Жәнібектің Сауль «Канело» Альвареспен мүмкін болатын жекпе-жегіне де тоқталды:

— Альвареспен жекпе-жек қалай өрбитінін бір Құдай біледі. Бірақ Жәнібектің қазіргі деңгейі жоғары дивизиондағы боксшылармен тең дәрежеде деп сеніммен айта аламын, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) Астанада өткен бокс кешінде франциялық Анауэль Нгамиссенге (14-0, 9 КО) қарсы титулды жекпе-жек өткізіп, бесінші раундта нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша ол чемпиондық белбеулерін сәтті қорғап қалды.