Ауыл баласының арманы орындалды: Auyl Sport жеңімпаздары Сербияда алтын иеленді

Ауыл баласының арманы орындалды: Auyl Sport жеңімпаздары Сербияда алтын иеленді
Басқа

4-14 сәуір аралығында Сербияның батысындағы көркем Златибор аймағында ISF U15 2025 мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы спорт фестивалі өтті.

Биыл бұл жарысқа 55 елден 2 500-ден астам жас спортшы қатысті. Қазақстан құрамасы 22 спортшымен ұсынылып, олар бокс, еркін күрес, шахмат және дзюдо спорт түрлерінде ел намысын қорғады. Олардың 12-сі - Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Auyl Sport жобасының жеңімпаздары. 

Гимназиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алды. Оның ішінде Auyl Sport спортшылары 4 медальді еншіледі. Атап айтсақ, Бокстан 19 елден келген 160 спортшы қатысқан жарыста 52 келі салмақта Макаров Шыңғыс, 60 келі салмақта Садық Айбек және 57 келі салмақта Нұртас Әлімбай алтын медальға ие болды. Айта кету керек, үш спортшы да Auyl Sport жобасының 2024 жылғы жеңімпаздары. 

«Auyl Sport жобасы ауылдағы талантты балаларға үлкен аренаға шығуға жол ашып отыр. Бұл – жай ғана спорттық жоба емес, нағыз әлеуметтік лифт, ауыл баласының арманын ақиқатқа айналдыратын мүмкіндік. Гимназиададағы жетістіктер – осы мақсаттың орындалғанына дәлел», дейді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Еркін күрес жарысында да біздің спортшылар жүлдесіз қалған жоқ. Түркістан облысы Бәйдібек би ауданы, Шалдар ауылының спортшысы Қалыбек Нұрқожа қола медаль иеленді. Қалыбек Нұрқожа да – Auyl Sport республикалық турнирінің жүлдегері.

Шахмат турнирі рапид және блиц форматтарында өтті. 17 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысқан жарыста осы жобаның жүлдегерлері Жанат Нұрым мен Алғаппарова Олтинай жоғары шеберлік көрсетіп, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.

«Гимназиадада алтын алу — ауылдан шыққан мен үшін баға жетпес жетістік. Бұл маған артылған сенімді ақтағанымның, ата-анам мен туған ауылымның үмітін орындағанымның белгісі. Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Осы халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік берген Auyl Sport жобасына және Halyk қайырымдылық қорына шексіз алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс — жалғыз менің емес, мені қолдаған әр адамның жеңісі!» – дейді гимназиада алтын иеленген Макаров Шыңғыс.

Халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатқан жас спортшылар меценат Тимур Құлыбаевтың атынан алғыс хаттармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды:

Алтын медаль иегерлеріне – 1 миллион теңгеден,

Қола жүлдегерге – 300 мың теңге,

Жас шахматшыларға – әрқайсысына 200 мың теңгеден.

Чемпиондарды дайындаған жаттықтырушылар да назардан тыс қалмады – олардың еңбегі де ақшалай сыйақымен лайықты бағаланды.

2024 жылы іске қосылған Auyl Sport – ауыл балаларына арналған ең ірі республикалық спорттық жобалардың бірі. Өткен жылы 200 елді мекеннен 12 000 жас спортшы өңірлік турнирлерге қатысып, 17 облыстан 1 300 үздік спортшы финалда өз шеберліктерін көрсетті.

Қазіргі таңда Auyl Sport аясында бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіліп келеді. 2025 жылдан бастап жобаға үстел теннисі де қосылады.

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры халықтың әл-ауқатын арттыруға және аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Ауыл спортын дамытуға қор 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлді.