Ермахан Ибраимов жақында әлем чемпионы атанатын боксшыларды атады

Ермахан Ибраимов жақында әлем чемпионы атанатын боксшыларды атады
Бокс

ҰОК

Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов BasSport.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық кәсіпқой боксшылардың өнеріне жоғары баға берді. Әсіресе Заурбек Сұлтан мен Батыр Жүкембаевтың жекпе-жектері назарынан тыс қалмаған.

— Маған Астанада өткен бокс кешінде Заурбек Сұлтанның бокстасқаны өте қатты ұнады. Қарсыласы да осал емес еді. Заурбектің өзі де пісіп қалыпты. Келесі жолы әлем чемпионы дәл осы Сұлтан болады деп ойлаймын, — деді Ибраимов.

Сонымен қатар, ол Батыр Жүкембаевтың да әлеуетіне тоқталып өтті:

— Батыр да жақсы өнер көрсетті. Дегенмен кей сәттерде бір-екі техникалық қателік кетті. Сол тұстарды пысықтаса, өте мықты боксшы болатыны сөзсіз.

Айта кетейік, 5 сәуір күні Астанада өткен бокс кешінде Заурбек Сұлтан Оңтүстік Африкалық Азинга Фузилені жеңіп, IBF Continental белбеуінің иегері атанды. Ал Батыр Жүкембаев Ұлыбританиялық Кейн Гарднермен өткен жекпе-жекте жеңіске жетіп, WBA Continental Gold белбеуін қанжығасына байлаған болатын.