Әлем чемпионы Карлос Адамес Жәнібек Әлімханұлынан қашты деген айыпқа жауап берді

Әлем чемпионы Карлос Адамес Жәнібек Әлімханұлынан қашты деген айыпқа жауап берді
Бокс

Нұрғали Жұмағали

Орта салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жектен қашып жүр деген айыптарға жауап берді. 

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Адаместің Жәнібекпен жекпе-жекке қызығушылық танытпағанын атап өтті:

– Мен Жәнібектің саған бірнеше жыл бойы ашық шақыру тастағанын көрдім. Бірақ сенің тараптан ешқандай әрекет те, жауап та болмағанын байқадым. Тіпті Twitter-де бірде-бір реакцияңды көрмеппін, – деп жазды жанкүйер.

Адамес бұл пікірге:

– Олай емес. Менің промоутерлік компаниям оған ресми ұсыныс жіберді, бірақ ол жауап бермеді. Хат та жолдадық – ешқандай реакция болған жоқ, – деп жауап қатты.

Алайда басқа бір қолданушы бұл мәлімдемені жоққа шығарып, Адаместі манипуляция мен фактілерді бұрмалады деп айыптады:

– Жәнібек оған нақты қаржылық ұсыныс көрсетілген келісімшарт жіберді. Адаместің міндеті тек қол қою болатын. Бірақ ол тек Жәнібектің промоутеріне: «Адамес пен Жәнібек арасындағы жекпе-жекті өткізгіміз келеді» деген екіұшты хабарлама жіберумен шектелді. Бұл нақты әрекет емес, жай сөз ғана, – деп жазды.

Бұл пікірге Адамес қысқа ғана «жалған» деп жауап қайырды.