Гирассидің хет-тригі мен Астон Вилланың камбэгі — Чемпиондар лигасы ширек финалында не болды?

CNN
Чемпиондар лигасының ширек финалында Гирассидің хет-тригі «Боруссияны» алға жетелесе, «Астон Вилла» ПСЖ-ға қарсы қайсарлық танытты. Бірақ қос матч қорытындысы бойынша келесі кезеңге Барселона мен ПСЖ өтті.
Дортмундта өткен ширек финалдың қарымта матчында «Боруссия» өз жанкүйерлері алдында 3:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда бұл нәтиже жартылай финалға шығуға жеткіліксіз болды — алғашқы кездесуде 0:4 есебімен ойсырай жеңілген немістер турнирден шығып қалды.
Матчтың басты қаһарманы – гвинеялық Серу Гирасси. Ол 11-минутта пенальтиден есеп ашса, екінші таймда бұрыштан келген допты баспен қақпаға тоғытып, дубль жасады. 76-минутта хет-тригін рәсімдеп, Чемпиондар Лигасында осы маусымдағы голдар санын 13-ке жеткізді. Бұл көрсеткішпен ол клубтың бұрынғы сұрмергендері Левандовски мен Холандты артта қалдырды.
Алайда, 54-минутта Бенсебаинидің автоголы «Барселонаға» тыныс алуға мүмкіндік беріп, қос матч қорытындысы бойынша 5:3 есебімен каталондықтар келесі кезеңге жолдама алды.
«Барселена» бас бапкері Ханси Флик:
«Дортмунд бізге оңай болған жоқ. Бірақ мен командамды мақтан тұтамын — біз жартылай финалдамыз», — деді.
Каталондықтар енді «Бавария» мен «Интер» арасындағы жеңімпазбен кездеседі.
Париждіктер жартылай финалға шыққанымен, бұл кезеңде олар оңайлықпен өткен жоқ. Англияда өткен қарымта матчта «Астон Вилла» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бірақ алғашқы ойындағы 3:1 есебінің арқасында жалпы есеп 5:4 болып, ПСЖ турнир жолын жалғастырады.
Бастапқыда ПСЖ екі гол соғып, айқын басымдыққа ие болды. Алайда «Вилла» берілмей, қатарынан үш гол соғып, жанкүйерлерін үміттендірді. Қақпашы Доннарумма бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, командасын аман алып қалды.
ПСЖ бас бапкері Луис Энрике:
«Команданың жартылай финалға шыққанына қуаныштымын. Бірақ ойын барысында артық сенімділікке бой алдырған сәттер болды. Бұл – маңызды сабақ», — деді.
Париждік клубтың келесі қарсыласы – «Арсенал» немесе «Реал Мадрид». Энрике үшін қарсыластың кім болатыны маңызды емес:
«Біз кез келген ұжымға дайынбыз», — деп мәлімдеді ол.