«Сынақтан өтпеді». Баходир Жалоловқа Астанадағы жекпе-жектен кейін талап қойылды

«Сынақтан өтпеді». Баходир Жалоловқа Астанадағы жекпе-жектен кейін талап қойылды
Бокс

kun.uz

Bassport.kz сайтының хабарлауынша, америкалық 3KingsBoxing.com порталы өзбекстандық ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Баходир Жалоловтың 5 сәуір күні Астанада өткен бокс кешіндегі сәтсіз өнерінен кейін оның мансабына қатысты нақты өзгерістер жасау қажеттігін жазды.

Аталған жекпе-жекте Жалолов кәсіби рингтегі мансабында алғаш рет толық он раундтық қашықтықты жүріп өтіп, украиналық Игорь Шевадзутскийді бірауыздан төрешілер шешімімен жеңді.

«Әрбір боксшының мансабында бір бұрылыс нүктесі болады. Баходир Жалолов үшін сол сәт келіп жетті. Ол енді толықтай кәсіпқой боксқа бет бұрып, әуесқой бокспен қоштасуы керек», — делінген мақалада.

Жекпе-жек барысында Жалолов үшінші раундтың соңына қарай сол қолымен шебер соққы жасап, қарсыласын нокдаунға жіберді. Алайда, одан кейінгі раундтарда айқын басымдық байқалмай, жекпе-жек көрермендер үшін қызықсыз өтіп, аренаны ысқырық жайлады.

«Көп нәрсе көңілден шықпады. Олимпиада ойындарының қос алтын жүлдегері саналатын “Үлкен өзбек” бұл жолы шын мәнінде сыннан өте алмады. Ол әлі де деңгейі төмен қарсыластармен кездесіп, өзінің мүмкіндігін толық ашпай жүр. Сонымен қатар, оның әуесқой жарыстарға қатысуға деген құлшынысы кәсіпқой рингтегі өсуді баяулатып жатыр», — деп жазады автор.

Сарапшылар мен жанкүйерлер Жалоловтан жоғары деңгейдегі қарсыластармен айқас күткен еді. Бірақ оның кәсіпқой және әуесқой бокс арасында арлы-берлі жүруі мансап жолын қиындатып жатыр. Енді ол шынайы деңгейін дәлелдеу үшін мықты қарсыластармен жұдырықтасуы керек.

«Жекпе-жек алдындағы сұхбатында Жалолов дивизиондағы элита боксшылармен кездесуге дайын екенін айтқан болатын. Бірақ соңғы айқасына қарап, олай деу қиын. Енді ол сөзден іске көшіп, мықты қарсыластармен жекпе-жек өткізуге тиіс», — делінген мақалада.