Түркістандық таеквондошылар Қытайда өткен халықаралық турнирден олжалы оралды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістандық спортшылар Қытайдың Уси қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында (WT) өткен «Grand slam-2024» халықаралық турнирінен жүлделі оралды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық сайыста Нәлібай Жаншуақ 2-орынға (45-61 келі салмақта), Акрамова Шахризод 3-орынға (33-45 келі салмақта) ие болды.
Жаттықтырушылары – Тұраров Абзал мен Тұрлыбек Жандарбек.
«Спортқа келгенде таеквондоны өзім таңдадым. 10 жасымнан бастап осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Өзіме қатты ұнайды. Болашақта Олимпиада чемпионы болғым келеді. Сол үшін де аянбай тер төгуге дайынмын», - деді түркістандық жас спортшы Жаншуақ Нәлібай.
Сондай-ақ ол спорттағы әр жетістігіне қолдау білдіретін ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын жеткізді.
Айта кетейік, аталған халықаралық спорт сайысына елімізден 34 спортшы қатысқан болатын. 20-дан аса мемлекет сынға түскен турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленіп, 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальді қанжығаға байлады.