Британдық сарапшы Азамат Тұяқбаевтың ойынына жоғары баға берді

Британдық сарапшы Азамат Тұяқбаевтың ойынына жоғары баға берді
Футбол

Қайрат ФК

Ағылшын футбол сарапшылары қазақстандық жас ойыншы Азамат Тұяқбаевтың әлеуетіне назар аудара бастады. 

Танымал британдық талдаушы және All Things Sky Blue подкастының жүргізушісі Гленн Уоткин 18 жастағы жартылай қорғаушының ойынына жоғары баға беріп, оның Англия Чемпионшипінде өнер көрсетуге қабілетті екенін атап өтті, деп жазады ASnews.kz.

“Азамат мені шынымен таңғалдырды. Ол жас болса да, доппен сенімді әрекет етеді. Әлі тәжірибесі аз, бірақ “Спортинг” сапындағы ойыны мен “Реалға” қарсы кездесудегі батылдығы оның әлеуетін айқын көрсетіп отыр. Тұяқбаев — техникті, жылдам және соңғы аймақта тәуекелден қорықпайтын ойыншы,” — деді сарапшы.

Гленн Уоткиннің айтуынша, Тараз қаласының тумасы Англия футболына бейімделуге қабілетті, тек оған уақыт пен тәжірибе қажет.

“Чемпионшип — мүлде басқа деңгей. Мұнда физикалық дайындық пен ойын қарқыны өте жоғары. Бірақ дұрыс бапкер мен тұрақты ойын тәжірибесі болса, Тұяқбаев бұл ортаға тез үйреніп кетеді деп сенемін,” — деді ол.

Сарапшының сөзінше, жас ойыншы әзірге негізгі құрамға бірден ене қоюы қиын, дегенмен даму қарқыны сақталса, болашағы зор футболшыға айналуы әбден мүмкін.

Айта кетейік, Англия Чемпионшипінде Фрэнк Лампард жаттықтыратын “Ковентри Сити” клубы Азамат Тұяқбаевқа назар аударып отыр. Клуб скауттары қазақстандық ойыншыны УЕФА жастар лигасында өткен “Қайрат” пен “Спортинг” арасындағы (2:3) кездесуден кейін бақылауға алған.