Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының Төралқасында бірқатар өзгерістер болды

Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының Төралқасында бірқатар өзгерістер болды
Басқа

Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының жыл сайынғы есеп беру-сайлау конференциясында вице-президенттер мен бас хатшы сайланды, деп хабарлайды BasSport.kz.

Бірінші вице–президент лауазымына қоғам қайраткері, кәсіпкер, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бұрынғы бас директоры Ерлан Даримов,  атақты альпинист, Эверест шыңына шыққан алғашқы қазақ, «Хан-Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерінің бас директоры Қазбек Уәлиев альпинизм жөніндегі вице-президент болып сайланды. Спорттық альпинизм жөніндегі вице-президент қызметін  қазақстандық альпинист, кәсіпкер Бағлан Жүніс атқарса, «Спорт, денсаулық және экология» ҚБ төрағасы және тең құрылтайшысы, Триатлон федерациясының бұрынғы вице-президенті Теміржан Әбдірахманов даму мәселелері жөніндегі вице-президент және GR лауазымына сайланды. Белгілі продюсер, кәсіпкер Азат Әбікен федерацияның PR және маркетинг жөніндегі вице-президенті, ал өңірлерді дамыту жөніндегі вице-президент лауазымына Спорттық өрмелеу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының бас бапкері Сауле Ысқақова сайланды. Бұған дейін спорттық альпинизм бойынша штаттық құрама командасының бастығы болған Нұрсұлтан Алдонғаров федерацияның бас хатшысы болды. 

«Төралқа командасы толығымен жасақталды, бұл – Dream Team! Бізде Федерацияның әлеуетін ашу үшін барлығы бар. Атап айтсақ, ең керемет спорттық функционерлер командасы, ең мықты спортшылар, тәжірибелі жаттықтырушылар командасы, төрешілер, таймақтар толық қамтылған, төрт спорт түрі, олардың екеуі олимпиадалық, ал альпинизм – ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы! Бізде терең дәстүріміз, тәжірибе, қуат және шығармашылық бар! Төралқа мен вице-президенттердің осындай мықты құрамы – бұл біздің спортымыздың ұлттық спорт түріне айналу әлеуеті зор екендігінің белгісі және Федерацияға үлкен сенім артылып жатыр!», - деп атап өтті Федерация Президенті Нұрсұлтан Шоқанов

Сонымен қатар, Конференция барысында федерация президенті Нұрсұлтан Шоқанов халықаралық байланыстарды нығайту, қазақстандық және халықаралық жарыстарды өткізу сапасының стандарттарын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, олимпиадалық лицензияларды иелену, бұқаралық спортты дамыту және Федерацияның тұрақты дамуы сияқты бірқатар басым міндеттерді атап өтті.