ҚПЛ-2024: қатысушылар мен ойын трансляциясы жарияланды

ҚПЛ-2024: қатысушылар мен ойын трансляциясы жарияланды
Футбол

Фото: eden-tour.ru

Бүгін OLIMPBET QFL Премьер-лигасының жаңа маусымы 13 отандық клубтың қатысуымен басталмақ, деп хабарлайды BasSport.kz.

QFL мәліметінше, турнирде «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Елімай», «Жеңіс», «Жетісу», «Қайрат», «Қайсар», «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Тұран» және «Шахтер» клубтары ойнайды.

Айта кетейік, Премьер-лигаға «Ақсу» ФК қатыспайды.

Естеріңізге сала кетейік, павлодарлық клуб бәсекеде лицензиялау бойынша ең төменгі талаптарға сәйкес келмегені үшін қатысудан шеттетілген «Мақтарал» клубын ауыстырған еді. «Ақсу» ФК-ға рұқсат беру туралы шешім 15 ақпанда Қазақстан футбол федерациясының футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Бұған дейін спорттық қағидатты сақтау мақсатында турнирдің жаңа маусымына қатысу туралы ұсыныс Бірінші лиганың командалары мен өткен жылдың қорытындысы бойынша Премьер-лигада 12-14 орындарға жайғасқан үш клубқа жіберілген еді. «Ақжайық», «Хан Тәңірі», «Арыс», «Түркістан», «Тараз» және «Оқжетпес» клубтары қатысудан бас тартты. Сондай-ақ, «Каспий» ФК-да сәйкессіздіктер анықталды, ал «Қыран» ФК қатысу туралы ұсынысқа жауап бермеді.

Нәтижесінде өткен маусымның қорытындысы бойынша 14-орын алған «Ақсу» ФК лицензиялаудың жеделдетілген рәсімінен өтті. Клубқа 1 сәуірге дейін лицензиялау ережелерінде көрсетілген барлық қағидаттарды сәйкестендіру ұсынылды. Алайда бір күн бұрын клуб басшылығы QFL-ге қаржылық қиындықтарға байланысты турнирден бас тартатындығын хабарлады.

Кездейсоқ жағдай тіркелсе де, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының күнтізбесі өзгеріссіз қалады, ал «Ақсу» ФК-ның қарсыластарымен жоспарланған матчтары өтпейді. Бұған дейін жарияланғанымыздай, турнирде 26 тур болады және маусым 2024 жылдың 10 қарашасында аяқталады. Жарыс ережесі де өзгеріссіз қалады.

Клубтардың бәсекеге қабілеттілігін сақтау және Премьер-Лиганың сапасын арттыру мақсатында QFL 14 клубпен форматты сақтау бойынша барлық күш-жігерін жұмсады. Бұл формат соңғы үш маусымда сұранысқа ие болды, ойындар күнтізбесін икемді жоспарлауға мүмкіндік берді және қатысушыларға жоғары дивизионда өнер көрсету үшін сәйкестіктің жоғары талаптарын қойды. Биыл 13 клубпен турнир өткізу мәжбүрлі шара болып тұр.

Ойындардың тікелей эфирі «Qazsport», «Q Arena» және жаңа «Q Football» телеарналарында көрсетіледі. Ойындардың күнтізбесі біздің сайттың басты бетінде және Qazaqstan Football League әлеуметтік желілеріндегі беттерінде қолжетімді.