Карло Анчелотти “Реалдан” не үшін кететіні белгілі болды

Мадридтік “Реалдың” бас бапкері Карло Анчелотти клубтан кетіп, Бразилия ұлттық құрамасының тізгінін ұстайды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бұл туралы беделді The Athletic басылымы мәлімдеді.
65 жастағы итальяндық маманның “Реалмен” келісімшарты 2026 жылдың жазына дейін жарамды болғанымен, ол ойыншыларға клубтан кету ниетін жеткізген. Анчелоттидің жаңа қызметіне маусым айында, Клубтық әлем чемпионаты басталмай тұрып кірісуі күтілуде.
Алдағы бірнеше күнде тараптар келісімді бұзу шарттарын нақтылау үшін келіссөздер өткізеді. Мадридтік клуб басшылығы енді Клубтық әлем чемпионатында команданы кім баптайтынын шешуі керек: уақытша бапкер ме, әлде тұрақты бапкер ме.
Қазіргі таңда негізгі үміткерлер - Сантьяго Солари мен “Байерді” баптап жүрген Хаби Алонсо.
Айта кетейік, биылғы маусымда “Реал” Чемпиондар лигасынан ширек финалда шығып қалды, Испания кубогының финалында жеңіліске ұшырады және Примерада “Барселонадан” төрт ұпай қалып, екінші орында тұр.