"Тарих жаңарады": Таеквондодан аға бапкер Азия ойындарына баратын спортшыларды атады
Таеквондодан Қазақстан құрамасының аға бапкері Нұрсұлтан Мамаев Ханчжоудағы Азия ойындарына қатысатын спортшылар тізімін атады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы бүгінде Оңтүстік Кореядағы бірлескен жаттығу жиындарына қатысып жатыр. Бұл құраманың Азиада қарсаңындағы соңғы дайындық кезеңдерінің бірі саналады.
«Жазғы Азия ойындарына спортшылар он салмақ дәрежесінде қатысады. Оның сегізі олимпиадалық салмақ саналса, екеуі олимпиада бағдарламасына енбейді. Қазір Кореяда бірлескен жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бізден бөлек, Таиланд құрамасы да бар. Мұндағы таеквондо деңгейі алға озып кеткен. Сондықтан кореялық спортшылардан үйренеріміз көп. Жаттығу жиынындағы спортшылардың барлығы Қытай төрінде күш сынасады. Өйткені тек қана Азия ойындарына баратын таеквондошылар ғана жиналған», - деді Мамаев.
Аға жаттықтырушының айтуынша, Азия ойындарына қатысатын спортшылар Түркістанда өткен Қазақстан кубогінде іріктелген. Бірақ бұдан былай халықаралық сындарға қатысатын таеквондошыларды іріктеу әдісі қиындай түспек.
«Ішкі жарыстарды көбейтеміз. Қазіргі басты мақсат – осы. Ел ішіндегі бәсекелестікті арттырсақ, нәтижеміз жақсаратыны анық. Бұдан былай спортшылар республикалық бір жарыста жеңіске жетіп, кейін ұлттық құрама сапында әлемдік жарыстарға бара салмайды. Ішкі іріктеуді күшейтеміз. Сырттағы додаларға тек лайықтыларды апарамыз. Алдағы уақытта Қазақстан кубогін бір жылда бес рет өткізіп, шын мықтыларды анықтауды көздеп отырмыз. Азия ойындарына келер болсақ, бұған дейін мүлде алтын болмаған бізде. Енді сол тарих жаңарады. Жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын», - деді Нұрсұлтан Мамаев.
Азия ойындарына қатысатын таеквондодан Қазақстан құрамасы:
Ерлер:
58 келі:Елдос Ысқақ
63 келі: Ғазиз Нұрбек
68 келі: Елдар Бірімбай
80 келі: Нұрлан Мырзабаев
+80 келі: Смайыл Дүйсебай
Қыздар:
49 келі: Ботагөз Қапанова
53 келі: Азиза Караджанова
57 келі: Мария Севастьянова
67 келі: Нұрай Хусаинова
+67 келі: Жансель Дениз
Фото авторы: Сали Сабиров