ҚФФ президенті Чемпиондар лигасына шығу мақсатын жариялады

ҚФФ президенті Чемпиондар лигасына шығу мақсатын жариялады
Футбол

kff.kz

Қазақстан Премьер-лигасындағы әйелдер футбол клубтары өз алдына Еуропа турнирлеріне шығу мақсатын қойып отыр. Бұл туралы Bassport.kz сайты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың BAQ.KZ сайтына берген сұхбатына сілтеме жасап хабарлайды.

«Биыл Қазақстанда алғаш рет әйелдер чемпионаты басталғанын білесіздер. УЕФА – біздің серіктесіміз – әйелдер футболының дамуына үлкен мән беруде. Біз де футбол деңгейінің балалар мен жасөспірімдерден бастап, кәсіпқой деңгейге дейін өсіп келе жатқанын байқаймыз.

Биылғы әйелдер чемпионатының нәтижелері өте қызықты болады деп күтемін. Қазірдің өзінде мықты командалар бар, олардың арасында жекеменшік клубтар да бар. Олар Чемпиондар Лигасына, Конференциялар лигасына және басқа да халықаралық турнирлерге шығуды мақсат етіп отыр. Әйелдер футболында да ерлер футболы секілді қомақты гонорарлар қарастырылған», – деді Марат Омаров.

Әйелдер чемпионатын өзі көре ме деген сұраққа Омаров былай деп жауап берді:

«Мен „БИИК-Шымкент“ матчтарын көрдім – олардың құрамы расымен де мықты, құрамында білікті легионерлер көп. Команда ірі есеппен жеңіске жетуді, жоғары деңгейге қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Негізгі міндет – Конференциялар лигасына, Еуропа лигасына, Чемпиондар лигасына шығу. Өйткені бұл турнирлерге қатысу айтарлықтай бонустар мен ірі инвестицияларға жол ашады», – деді ол.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы атап өткен модель туралы айтып, спортқа да бюджеттен тыс инвестиция тартудың маңыздылығын еске салды.