Футбол федерациясы Қазақстанда келісілген матчтардың барын ресми түрде мойындады

kff.kz
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров қазақстандық футболдағы келісілген ойындар мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Sports24.kz сайтына сілтеме жасап.
— Ермұхамед Мәуленнің мәлімдемелері туралы ештеңе естіген жоқпын. Бірақ ешқандай қысым болмағанын айта аламын. Ал келісілген матчтар жайында айтатын болсам, «Спорт Радар» деген ұйым бар. Сол ұйымның статистикасы бойынша, Қазақстан келісілген матчтар саны жағынан әлем бойынша төртінші орында тұр. Бұл мәселе бойынша Қазақстан футбол федерациясы белсенді түрде күресіп жатыр, сондықтан Ермұхамедтің сөздерінде шындық бар. Қазіргі таңда федерация келісілген матчтар мәселесімен шындап айналысып жатыр, — деді КФФ басшысы.
Еске салайық, спорт журналисі Ермұхамед Мәулен бұған дейін КФФ өкілі болған. Ол қазақстандық футболға қатысты бірнеше сын айтқаннан кейін федерациядан кеткен еді. Сондай-ақ ол өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеген болатын.